Жүрегімде жапырақ бар үзбеген...

 "ELER.kz" медиапорталының поэзия бөліміндегі бүгінгі күз топтамасынан Нұрбек Нұржан мен Жұлдыз Бейсектің өлеңдерін оқи аласыздар.

 

Күзбен кездесу

 

Желдің қолы «сарт» еткізді бетімнен,

Түніменен Айдың шашын тарадым.

«О, қиық Ай жылытпашы» дедім мен,

Мұздай суық ақ көрпеңе орадың...

 

Жұлдыз ұқты, ұға алмады көп пенде,

Өксіп-өксіп алдым тағы алдында.

Құс біткеннен сәлем айттым көктемге,

Етегінен күздің ұстап қалдым да...

 

Асықтым да, құладым да, жығылдым,

Күн де батты, таң да міне тағы атты.

Мен уақыттан жасырындым, тығылдым,

Әйтседағы тыға алмадым сағатты...

 

Бұлт әжімі, Ай емес пе түн қалы,

Жолдарға дат!

Кетсем егер келем бір...

Кірпігімді шертіп қалса мұң қолы,

Төгіледі моншақ-моншақ өлең-жыр...

 

Қай бір шетін кезсем екен даланың,

Шер ұрғанда отырамын «аһ» ұрып...

Ай нұрынан парақ үзіп аламын,

Кірпігімді жұлдызға алам матырып...

 

Нені көрдің?

Жанарыма қара нық,

Көкірегім әрі алау, әрі мұз...

Қарағайдың терісіне оранып,

Бөтен қарап отырсың ба кәрі күз?..

 

Болар едім көктем мәңгі қартайған,

Мың жапырақ болса сендей менде егер...

Сорлы күзім, хаттарыңды сарғайған

Лақтырмашы...

Оқысыншы пенделер...

 

Тасы сынар, сына қоймас тау сағы,

Тауда жүрем кейде жалғыз желікпен...

Жапырақтың тиіп кетсе саусағы,

Көкірегім «дір» етеді неліктен?

 

Тым ертерек неге гүлді үздік біз,

Мен сүйемін көктемімді, күзімді...

Мынау бұлттың жаңбырлары үздіксіз,

Айғыздайды тереземді, жүзімді...

 

Қай бір күзде жапырақтар сар гүл-тін,

Тапсам бірін жоғалттым-ау, ал бірін.

Күз бояйды сағынышпен сарғылтым,

Жанарлардың, жүректердің әрбірін...

 

Мен үнсізбін, үндемейді өткен де,

Қимастықты көрем іздер шаңынан...

Бұрылып та қарамадым көктемге,

Күздің еріп кете бердім соңынан...

 

Күз. Элегия. Пәни...

 

Тоқтады не?

Уақыт па һәм мен бе екем?

Бұл келген не?

Мен бе, әлде күз бе екен?

Сезімімде сенімім бар сөнбеген,

Жүрегімде жапырақ бар үзбеген...

 

Пәни кейде – жалған шындық, жансыз түс,

Арман, әлде аспан ба екен, жеті не?

Күз көзімнен ұшып кетті сансыз құс,

Көктем іздеп дәптерімнің бетіне...

 

Жаздың гүлін кеудесінен қаға шың,

Қайыңдарда сары жұлдыз сөнеді...

Мен Алланың жаратқан бар ағашын,

Маңдайынан сүйіп алғым келеді...

 

Мен жер едім, аспан едім, тал едім,

Көктем емес, күз келеді, шақырсам...

Мен Алланың жаратқан бар әлемін,

Сан ғасырлар тыңдап шіркін, отырсам...

 

Мен сарғайдым күттіргеннен, тосқаннан...

Көктем сүйген күз ұлынан шошыма.

Бүгін тағы жұлдыз көрдім аспаннан,

Бүгін тағы ақ түсірдім шашыма...

 

Сансыз сұрақ жас жанымды кемірді,

Бар бәрі де, жоқ қой тағы түгім де...

Бүгін тағы ойландырдым өмірді,

Кеше тағы барып қайттым бүгінге...

 

Келешектің қарлығашын шақырып,

Мен өткеннің көшесінде қалмадым...

Мен ғаламға сұрақ қоя отырып,

Ештеңеге жауап бере алмадым...

 

Мені ешкім, мен ешкімді тоспадым,

Қысты күтті, етек жеңін тал түріп...

Жерде солған жапырақты баспадым,

Жүрегімді алмау үшін солдырып...

 

Бәрінің де бал дәурені тарқайды,

Неге сонша көп тосамыз таңды біз?

Жапырақты ұстап едім, сарғайды,

Қайыңдарды құшақтап ем, тоңды күз...

 

Қолдарымның әжімі бар талдарда,

Адам деген жеміс емес тез гүлдер.

Тоқтап едім, жүре берді жолдар да,

Қарап едім, қарамады мезгілдер...

 

Аяқ асты шыға келсе дөң көктеп,

Сені, көктем, күз секілді сүйем, ұқ...

Көктем келсе, аяғымен еңбектеп,

Күз кетеді балдағына сүйеніп...

 

«Жүрек» дедім кеудемдегі құс аты,

Жаз жүзіне бояу жақты бір індек...

Қолдарымды қайта-қайта қысады,

Жапырақтың алақаны дірілдеп...

 

Жығылған соң қаламдарым тұра қап,

Пәнидің ақ парағына жүр беттеп...

Мұң жамылған шекпенімді сұрап-ап,

Күз отырды жылына алмай дірдектеп...

 

Мейірімнен миллион гүл тергендей,

Көшеміз-ау тастап кетіп тән – үйді...

Мені бұрын іздегендей, көргендей...

Мына уақыт мені қайдан таниды?

 

Жұпар шашсам, еш солмайтын гүлден ап...

Осы бір сәт ғасыр еді, жыл еді...

Мынау ғалам жаратылған күннен ақ,

Осы бір күз мені қайдан біледі?.

 

Жапырақтың кірпіктері кепкен бе?

Қайың құшып тұр тағдырлас құрбы қыз...

Тереземнен қарап едім көктемге,

Тереземнен маған қарап тұрды күз...

 

Нұрбек НҰРЖАН

Түркия мемлекеті,

Ардахан қаласы

«Түрік тілі және әдебиет»

 факультетінің

 1-курс  магистрі

 

************

 

Жапырақ ем тағдырымнан үзілген,

Ұрламашы,

Ұрламашы күзімнен.

Неге келіп мазалайсың түсіме,

Бірге бола алмаймыз ғой біз мүлдем.

 

Ақ шәлі едім,

Ақ бұлт жерге түсірген,

Аппақ қардай көз алдыңа тізілген.

Қарайтпашы, қарайтпашы жанымды,

Қабағыңа қатқан мұздың жүзімен.

 

Жаңбыр ма едім жолдарыңа жауатын,

Талып кетті,

Талып кетті қанатым...

Мен қонатын биік енді белгісіз,

Мен киетін киім де енді қара тым.

 

Құс тартатын ноталарын қайғы - әнім,

Жүрегіңде болған едім...

Қайдамын?

Жылатпашы,

Жылатпашы жанарды,

Жанар отым сөнгеннен соң айтамын.

 

Самал ма едім бағыңда есіп тұратын,

Мен шығармын жауабы жоқ сұрағың.

Ғайып болғам, өзім күзбен көшкенмін,

Өмір сүріп жүрген менің құр атым.

 

************

 

Жапырақтар жауып жатыр...

 

Үндеме!

Сөз берейік өмір –  тойда күзге де.

Күз сөйлесін тамшы ернімен дірілдеп,

Жаңбыр сүйген көл жыласын іргеде.

 

Қысты төрге оздырған соң кір-кірлеп,

Жапырақтар жауып жатыр бір-бірлеп,

Жапырақтың үстіндегі жүрегім,

Жерге құлап бара жатыр бүлкілдеп...

 

Жапырақтар жауып жатыр үн-түнсіз,

Сіздің, менің бірікпейтін күлкімсіз.

Жапыраққа орап берген жанымды

Жерге түспей көтерерсіз мүмкін сіз?!

 

Жұлдыз БЕЙСЕК

Астана қаласы

 

 

Дайындаған: Ақтолқын ТАЖИКОВА