Өзінің мінімен күрескендер...

Келінге өсиет

 

Жаман әйел күйеуін құлдай қадірсіз етіп, өзі құлдың әйелі болып өмір сүреді.

Жақсы әйел жарын патшадай құрметтеп, патша әйелі боп ғұмыр кешеді.

 

Ел аузынан

 

  Ана мен бала қалып пен кірпіш сияқты. Қалып қисық болса, одан түзу кірпіш түспейді. Сондықтан, жақсы жар таңдау адам өміріндегі ең маңызды мәселенің бірі болған. Бола да бермек.

 

Қарағым, алды екенсің тең құрбының

Айтайын саған арнап елдің жырын.

Көп жылдар әке үйінде қонақ едің

Мінекей, өз үйіңе келдің бүгін.

Өсе бер, өркен жайып өрім талдай,

Кеше бер мағыналы мөлдір ғұмыр.

Бір елдің қылғалдағы ең қырға біткен

Туыс боп шыға келдің бұл халықпен.

Еріңіз не десе де ерегеспей,

Жүруге тырыса біл бір бақытпен.

Жарыңыз не тапсада қанағат деп,

Қабылда, әкелгенін ырзалықпен.

Қой басындай күмісті алған бойда-ақ

Ат басындай алтын ел армандайды-ақ

Адалдан ақша табу үлкен тасты

Арқалап тау басына барғандай-ақ

Ал оны жұмсау деген сол дәу тасты

Төбеден домалата салғандай-ақ.

Әрқашан атсын десең күліп таңың,

Алған жөн ақиқаттың біліп заңын.

Сыбырлап саған айтқан сырдың бәрі

Аманат екендігін ұмытпағын.

Әсіресе, еріңнің құпиясын

Жүректің тереңіне құлыптағын.

Сыр бағып, жарының көзқарасынан

Үйренген жанның дәйім бағы ашылар.

Алладан соң жарының ырзалығын

Шығармау керек әйел санасынан.

Еріңмен қол ұстассаң күнәларың,

Төгілер саусағыңның арасынан.

Аруға ана деген бөлек есім,

Жалғастыр әз әжелер өнегесін.

Қаншалық күйеуіңді қуанта алсаң,

Соншалық махаббатқа бөленесің.

Жарыңның жақындарын жақсы көрсең

Үйіңнің кеңітесің керегесін.

Мұнтаздай таза болсаң жаны арайлы

Басыңды барша халық бағалайды.

Нас деген адамдарда таза болған,

Үйлерді рахаттана аралайды.

Ең лас адамдар да салақтардың

Қолынан ас ішуді қаламайды.

Тарихтың жаңартатын жарқын бетін

Көбейт сен, Пайғамбардың мәрт үмбетін.

Немере балдан тәтті сыйлап тұрсаң,

Аямас ата-енеңде бар құрметін.

Төркінің  мен қайын жұрт арасына

Сол болар сен салатын алтын көпір.

Кісі емес, кісі артынан жамандаған

Талайлар жамандауға маман болған.

Адамдар жайлы жақсы ойлағанның

Ғайбаттан тілі әрқашан  аман болған.

Өзінің мінімен күрескендер,

Өзгенің кемшілігін көре алмаған.

Жақсы бол, жұрты үшін жаны ауырған

Тілекші табылатын әр ауылдан.

Абай бол, Құдай қосқан қосағыңнан

Өзіңді артығырақ санауыңнан.

Жетесің бар бақытқа ер қалауын

Өзіңнің биік қойсаң қалауыңнан.

 

 

********

 

Қазақ қызы

 

Қазақ – қыз, қазақ – келін, қазақ – ана

Қайтадан көп қоспадан тазара ма?

Ар-намыс абыройын қорғағанды

Күнәға қызықтырып мазалама!

 

Иіткен иман нұры жүректерін,

Тілдеспей жеткізе алған тілектерін.

Ұлпадан жұмсақ ұстап мінездерін

Қымтаған балтыры мен білектерін.

 

Қаракөз төмен қарап мөлдіреген,

Жырлап бір тауыса алмас, ол бір өлең.

Қайда сол, қайда қайран орамалдар

Жеңістің жалауындай желбіреген.

 

Серік ҚАЛИЕВ

 

Дайындаған: Ақтолқын ТАЖИКОВА