Қуаныш ҚОЛХАЕВ: Дінді айтсаң, дүрсе қояр дүмшелер көп...

   Құрметті оқырман! «Еler.kz» медиапорталының бүгінгі поэзия бөлімінде ақын Қуаныш ҚОЛХАЕВТЫҢ өлеңдерін ұсынып отырмыз.       

 

   Қуаныш Тәжіханұлы Қолхаев –  ақын, журналист. Республикалық «ДАРАБОЗ ДӘСТҮР» жыр мүшайрасының бас жүлдегері.

 1979 жылы Жамбыл облысы, Меркі ауданы, Ақермен ауылында дүниеге келген. Меркідегі №11 орта мектепті аяқтап, 1996-2000 жылдары Тараз Мемлекеттік университетінің «Əлем тілдері» факультетінде «Қазақ тілі мен əдебиеті» мамандығы бойынша білім алған.

 2000-2001 жылдары республикалық «Дүние-дастан» газетінде тілші, бас редактордың орынбасары қызметтерін атқарған. 2001-2002 жылдары М.Х.Дулати атындағы Тараз Мемлекеттік университетінің магистратурасын аяқтады. 2002-2007 жылдары Тараз Мемлекеттік университетінде, Тараз Мемлекеттік Педагогикалық Институтында ұстаздық қызметте болды. 

 Оқушылар, студенттер арасындағы айтыстарда, бірнеше республикалық жыр мүшəйраларында жүлделі орындар иеленіп, жеңімпаз атанды. Өлеңдері «Бір Аллаға сыйынып», «Жастық дәурен өрнектері» сынды жыр жинақтарына енгізілген.

   2009 жылдан бері  «Асыл арна» телеарнасының тілшісі.

 

Өмірдің өзі баллада

 

Өткеріп мұқтаждықпен апта-күнді,

Жүргенде жеткізе алмай тапқанымды.

Қырқынан жаңа шыққан нәрестеміз,

Қапыда сырқаттанып, қатты ауырды.

 

Аз ғана маңдай тер мен табан ақым,

Күн санап құнсызданып бара ма тым?

Әйтеуір тығырыққа тап болғанда,

Ақшам жоқ дәрі тұрмақ нан алатын.

 

Кім ойлар перзенті үшін аянуды,

Тек тағдыр тұсар кейде аяғыңды.

Табанда қай адамнан көмек сұрап,

Білмедім кімге алақан жаярымды.

 

Баламнан маза қашты бар білерім,

Барады дерт қуартып балғын өңін.

Жылауы артқан сайын шыр-шыр етіп,

Сыздайды шарасыздан жан жүрегім.

 

Мұндайда күнің батып, таң атқан ба?

Айырылып ұйқыдан да, тағаттан да.

Жалғыз-ақ бір Алладан жәрдем тілеп,

Жалындым ертелі-кеш Жаратқанға.

 

Торласа перзентінің мұң қабағын,

Ана ма сөзге көніп, тілді аларың?

Әйелім буып-түйіп жыйды ақыры,

Сатпақ боп сақинасы – сырғаларын.

 

Бір жола соны істеуге буып белді,

Тұрғанда өшіргелі үмітті енді.

Сыртқы есік қағылды да, сол мезетте,

Үйіме бір топ қонақ кіріп келді.

 

Өмірдің бірге кезген әр тарабын,

Достарым кеңге салып арқаларын.

Балама «құтты болсын» айта кепті,

Толтырып «көрімдікке» қалталарын.

 

Қала ма еңсе түссе ер жасымай,

Басыма егілгенде сауға сұрай.

Қабыл ғып тілегімді Қамқор Ием,

Тұйықтан жол шығарып берді осылай.

 

Алладан бір бұл емес сый көргенім,

Сен де, дос, қажетіңді айт, именбегін.

Өйткені Ол қиындықта қалдырмайды,

Құлым деп мейірленіп сүйгендерін.

 

*******

 

Қандай көркем көктемімнің гүлдері.

Қандай сұлу көкте күннің күлгені,

Күні түгіл тамылжыған түндері,

Шіркін, мынау өмір неткен нұрлы еді?

 

Қандай тәтті балдырғанның бал тілі,

Соларда ғой еркеліктің сан түрі.

Ғажап тіпті сағыныштың артуы,

Жүрек тулап, сезімдердің шалқуы.

 

Бәрі осында – қилы тағдыр, қилы адам,

 Бірі шаттық, бірі өкініш сыйлаған.

Күн туса да жанымды мұң қинаған,

Мен өмірді бекер деуге қимағам.

 

Бірақ дәурен баста мәңгі тұрмайды-ау,

Уақыт жүйрік зымырайды-ау, зырлайды-ау.

Тірліктегі шын мағына, шын байлау,

Жаратқанға жолығатын күнді ойлау.

 

Аллаға мадақ

 

Саған лайық бар мақтау, о, теңдесіз Шеберім,

Жалынатын ерте-кеш жалғыз Ием сен едің.

Тұрақ болған пендеңе мынау мінсіз дүниенің,

Қай жағына қарасам Құдіретіңді көремін.

 

Теңіз, мұхит, тау, орман, өзендер мен көлдерім,

Кемшіліксіз, мүлтіксіз өзің салған өрнегің.

Нұр сәулесі төгілген Күн күлдіріп көгімнен,

Қара түннің аспанын ай, жұлдызбен зерледің.

 

Жер әлемді жап-жасыл масатымен жайнатып,

Бақта бұлбұл сайратып, суда балық ойнатып.

Бәрін көркем жаратқан Құдіретіңе қайранмын,,

Қайнап жатқан тірлікке көз салсам да қай уақыт.

 

Талай сырды білсе де ғылым қуып жасынан,

Жұмбағыңды шеше алмай мыйлар қанша ашыған.

Күн көзіне мысалы жерден гөрі тау жақын,

Алты ай жазда алайда қар кетпейді басынан.

 

Айналғанмен алапат жылдамдықпен дөңгелеп,

Жаңылмайды жолынан мынау жұмыр жер кенет.

Сан миллиард адамның саусағының ізін де,

Бір-біріне ұқсатпай бедерледің әр бөлек.

 

Бір Өзіңе бағынған шетсіз, шексіз ғаламда,

Ғаламат көп, ғажап көп сан жетпейтін санауға.

Алты-ақ күнде осының бәрін жоқтан бар етіп,

Көрсін деп-көз, түйсін деп-түйсік бердің адамға.

 

Пендесіне өмірде сонша нығмет арнаған,

Жалғандағы сапарын жәннатымен жалғаған.

Раббым, саған сонда да бағынудан бас тартып,

Оразасыз, намазсыз жүргендерге таң қалам.

 

Досқа кеңес

 

Екі етпей бір Алланың,

Орындап күллі әмірін.

Үлгің боп Құран Кәрім,

Ғибадат қыл, бауырым!

 

Жүргенің жетер бекер,

Талаптан, ілім ізде.

Бұл өмір өтер-кетер,

Қайырылмай түбі бізге.

 

Орал деп жалынсаң да,

Өткен күн қайта келмес.

Өзегің жарылса да,

Өкініш пайда бермес.

 

Болмасты армандама,

Ол саған жеткізбейді.

Санасыз жандар ғана,

Жалғаннан жоқты іздейді.

 

Тым ұзақ тосылдың ғой,

Қызық па қимағаның?

Жанашыр досыңмын ғой,

Сен үшін қиналамын.

 

Сөзімді бағалай біл,

Ұмытып өпке-мұңды.

Күні ертең қаламаймын,

Қасірет шеккеніңді.

 

Мойныңды соз ілгері,

Саралап күллі жайды.

Білесің өзің де оны,

Көп күлген бір жылайды.

 

Мәнісі бұл жалғанның,

Құраннан тәлім алмақ.

Аллаға құл болғанның,

Баратын жері жәннат.

 

БЕС ПАРЫЗ

 

Әуелі ИМАН парыз мұсылманға,

Иман тап бойда қуат-күшің барда.

Аллаға мойынсұнбай бұл адамзат,

Бақыттың қондыра алмас құсын қолға.

 

 Бекем бол осыдан соң бес НАМАЗҒА,

Намазсыз бекер өткен кештер аз ба?

Күндіз-түн жалбарынып,

Жаратқанның, Сыйын көр құлшылықпен көштен оз да.

 

 ОРАЗА – ол да парыз дені сауға,

Білгенге жан мен тәннің емі сонда.

Сауаптар еселенер кемел айда,

Көңілін көпшіліктің тегіс аула.

 

ЗЕКЕТ бер маңайыңа, малың болса,

Ынсапсыз мол байлыққа малынғанша.

Теңгеңді теңдей бөліп мұқтаждарға,

Теңдессіз жәннат дейтін ауылды аңса.

 

ҚАЖЫЛЫҚ – ең соңғысы бес парыздың,

Бес парыз аңызы емес ескі ауыздың.

Күні ертең қияметте қандай жақсы,

Мойныңда болмағаны еш қарыздың!

 

 

Ей, адамзат, көгіңде күнің күлген,

Кем болмақ Құдай десең, құның кімнен?

Жеті жүз он тоғыз жер Құрандағы,

Шыққанын айғақтайды ғылым діннен.

 

Жер дөңгелек екенін әл-Бируни,

Брунодан алты ғасыр бұрын білген.

Қуаннан қуат алып ғалым болған,

Әл-Киндиді білмейді ел бүгін мүлдем.

 

Тартылыс күшін жердің Ньютон емес,

Сол ашқан арқасында ұғымның кең.

Осылай мұсылмандар күллі әлемді,

Ақиқаттың алдында жүгіндірген.

 

Адамнан адам артық иманымен,

Тең емес кәпір патша мүмін құлмен.

Исламсыз арылмайды қоғам ылаңнан,

«Дін – діңгек» деген мәтел содан қалған.

 

Туған ел тура жолын тапса екен деп,

Сан саққа жүгіртеді санамды арман.

Қаншылық Жаратқанға жақындасаң,

Соншалық алыстайсың надандардан.

 

Дінді айтсаң, дүрсе қояр дүмшелер көп,

Жаңылған жәннат жайға барар жолдан.

Бұлдағы ештең емес, Алла десең,

Кәлләңді кесіп алар заман болған.

Шарият қай кезде де керек екен,

Ар-ұят кетпеу үшін адамдардан.

 

******

 

 

Жартас қылып жаратқанда қайтер едім мені Алла,

Мейірімге мұқтаж біреу тастан жылу табар ма?

Мезгіл жетсе аласарып талай асқар таулар да,

Шөге келіп, төбе болып тапталмай ма табанға?

 

Ағаш болсам – аз уақыт сән бергенмен маңайға,

Күз келгенде бұтағымнан құстар қайтар алайда.

Қартайғанда қайран талдың өзегінен нәр кетсе,

Қурап қалған қу түбіртек бір пайдаға жарай ма?

 

Нуы болмай ен даланың, суы болмай мен көлдің,

Бұл өмірдің есігінен адам болып енгенмін,

Жан аямай жәрдем етіп адамдарға өзімдей?

Дүниеге жақсы амалдар жасау үшін келгенмін.

 

Сансыз есе сый алатын сауабына сәл ғана,

Біз ұстанған дін – ақиқат, біздер жүрген жол дара.

Мұсылман ғып, иман беріп, қолға құран ұстатқан,

Шексіз шүкір Аса Қамқор, Құдіретті Аллаға.

 

Алла сабыр, төзім берген,

Жүрек пенен сезім берген.

Иесімін ақыл-ойдың,

Құлағы естіп, көзім көрген.

 

Бақыт, байлық, бала-шаға,

Жеттім талай тамашаға.

Сөйте тұра Жаратқанды,

Танып-білмеу жараса ма?

 

Көкпар

 

Тықыршитын тоқпақ жал топтан қалса,

Ауылда өткен əсерлі шақтар қанша?

Қонақ келсе қойларға тиген ажал,

Көк серкені табатын көкпар болса.

 

Атқа қонып əр үйден бір-бір сері,

Белден асып, сағымға сүңгуші еді.

Басталатын содан соң бір тамаша,

Аппақ шаңға көміліп қырдың шөбі.

 

Жан алысып, жан беріп, ет қызынып,

Бірі айла ғып, ал бірі тек кіжініп.

Қан додадан қапысын тауып ақыр,

Суырылып шығатын епті жігіт.

 

Қамшыламай сауырдан көк қасқаны,

Сəл кешіксе жазғанның от басқаны.

Тепсінеді ол кенет үзеңгісін,

Қаумалайды жан-жақтан жақтастары.

 

Қуған топтан құтылсаң қараңды үзіп,

Қол төңкерген батырдай қамал бұзып.

Жыр қылатын талай күн ерлігіңді ел,

Көкпар, көкпар, ойын жоқ одан қызық.

 

Бабаларым күн сүйген маңдайларын,

Талайлардың қақтырып таңдайларын.

Көкпар тартып шыныққан білекпенен,

Найза ұшында көтерген нардай жауын.

 

Əлжуаз кім, əл-күші сай жігіт кім?

Көкпар - өлшем, сүрінсең қайғы жұттың.

Осыдан ғой əріде əр қазақтың,

Құлағында ойнауы сəйгүліктің.

 

Ұл өспейді құр мақтап ерсің десе,

Ұлт өспейді дəстүрін менсінбесе.

Нағыз қазақ екем деп айтпа, азамат,

Тақымыңа тұлпардан тер сіңбесе.

 

Алматыдағы қайғылы оқиғаға арналады

 

Ертегілер елінің бірі сынды

Көркемім ең күні - нұр, түні сырлы.

Ару қалам - Алматы, бүгін сенің,

Қару атып бұзған кім тынышыңды?

 

Ғашық едім бау-бақша, бөктеріңе,

Гүл аңқыған көк орай көктеміңе.

Қан қақсатқан қапыда бейбіт елді,

Қарақшылар саған да жеткені ме?

 

Айуан ба, аң ба әлде, бұл кім екен,

Адамзаттың сорына туды ма екен?

Ауызына жауыздың сүт бергенін,

Ол азғынның анасы білді ме екен?

 

Сақшылары тәртіптің, ел қорғаны,

Ерліктерің ешкімнен кем болмады.

Сын сағатта қиылды халық үшін,

Аманат қып Алланың берген жаны.

 

Арттарыңда аңырап ана қалды,

Жесір боп жар, жетім боп бала қалды.

Қай бетімен Алладан сауап күтті ол,

Мойынына жүктеп ап бар обалды?

 

Қарау ойлы, сұм ниет сұрқияны,

Сарбаздарым, сендерсіз кім тыяды?

Аулақ жүрсін елімнен, жылатқандар,

Брюссельді, Франция, Түркияны.

 

Тату ғұмыр кешіріп нар қазағым,

Басымызға тумасын даңғаза күн.

Ал, осындай жауыздар Жәннат емес,

Жәһаннамның табады мәңгі азабын.

 

 

 

ШАҒБАН АЙЫ

 

Қасиетін жоғалтпай, бағасын да,

Мұсылманның сақталған санасында.

Шағбан деген бір ай бар орны бөлек,

Ережеп пен рамазан арасында.

Тоқтамаса сауапқа құлшынуың,

Орман болар қадаған бір шыбығың.

Оразаны осы айда жиі тұтып,

Күшейтіпті Пайғамбар құлшылығын.

Мүмін бар ма жәннәтті аңсамаған,

Ғалым, хафиз, ізгі өтті қаншалаған.

Соның бәрі қамы үшін ақыреттің,

Ғибадат қып шағбанда шаршамаған.

Төре болып билегін төрді мейлі,

Дәрежеңді амалың белгілейді.

Сауап терсең шағбанда – Алла алдында,

Шаттығыңның жалауы желбірейді.

 

Даюс – Жұмаққа кірмейді

 

Асыл жарым, ар намысым, ақ гүлім,

Жүзім жарқын, көңілім де шат бүгін.

Маған қазір бақыт дейтін тәтті ұғым,

Сенің адал сезімің мен пәктігін.

Тұрғыны көп мынау ғажап ғаламда,

Мен сендікпін, сен мендіксін, ал онда:

Басқалардың сүймек түгіл бетіңнен,

Қақысы жоқ көзің қадап қарауға.

Сөзім де осы сіңіріп ап сол күйде,

Мені ғана жүрегіңде әлдиле.

Басқалармен құшақтатып беліңді,

Вальс түгіл билетпеймін жай биге.

Керек болса ұласатын кекпенен,

Қызғанышым қызыл алау от ерен.

Саған тіпті достарым да ең жақын,

Қолын беріп сәлемдессе жек көрем.

Әйелді Алла аманат қып бергесін,

Аманатты сақтап өту ерге сын.

Мен жоқ кезде келер болса мені іздеп,

Бөтен еркек есігімнен енбесін.

Тар да болса өз үйім ол Ақ сарай,

Ақ сарайда күн кешейін патшадай.

Жаным барда жан тәнімен қорғаштап,

Мен өзіңді жақсы көрем нық солай!

*******

 

Құлыным, ботам, жан балам,

Ізімді менің жалғаған.

Құлағың салсаң сөзіме,

Азырақ енді толғанам.

Ақ болсын жолың таңдаған,

Арамның бағы жанбаған.

Сабырға жеңдір өзіңді,

Ашуың аспай арнадан.

Мақсаты биік арлы адам,

Мақтанға құмар болмаған,

Атақты сатып алсаң да,

Абырой бірақ Алладан.

 

Өрен бол өрге ұмтылған,

Өмірі гүлдей құлпырған.

Өкпесін артып ісіңе,

Сөкпесін елің сыртыңнан.

Намысы бойда бұлқынған,

Нар тектес талай ұл туған.

Қазағың, халқың - қазынаң,

Қасиет сіңір жұртыңнан.

Өзгеріп тіл-дін, түр-тұлғаң,

Жеріме əдет-ғұрпыңнан.

Емендей бойшаң болсаң да,

Емессің биік ұлтыңнан.

 

Қабағың түссе сəл мұңға,

Қайғыға бойды алдырма.

Азырақ күтсең Күн шығар,

Айналып ақ бұлт жаңбырға.

Даурығып бекер дау қума,

Досыңды сатып жау қылма.

Кішірмей сөйлеп əркімге,

Кісінің көңілін қалдырма.

Сан соғу оңай тағдырда,

Сан түрлі сынақ бар мұнда.

Байыппен жүрсең асқынбай,

Бақытың тұрар алдыңда.

*******

Білгенге шілдехана ойын-думан,

Еріксіз елдің бəрі мойын бұрған.

Əйелі ұл туғанда біздің қазақ,

Қос бірдей қойын сойып, тойын қылған.

 

Мұндайда жүрек тыншып тұрады ма?

Орынды-ақ сүйіншісін сұрауы да.

Алдымен Алла есімін естісін деп,

Ат қойған азан айтып құлағына.

 

Ешкім жоқ адамдықтан ақсап туған,

Ер қазақ жомарттықпен мақсат қуған.

Келді деп дүниеге мұрагерім,

Мəз болып, көкпар тартып, ат шаптырған.

 

Аптығы оңайлықпен басылмас бір,

Шаттықты сезбей адам шашылмас құр.

Осы той мырзалықтың үлгісі боп,

Бабадан бізге қалған асыл дəстүр...

*******

Ұл өсірген ұғымын биік қылып,

Қыз өсірген қылығын сүйікті ғып.

Өкініштің ішінде өрті лаулап,

Өзегінде жатса да күйік тұнып.

Мейірімнен жаралған жүректегі,

Бар жылуын жүзіне жиып күліп.

Бауырына басатын аналар-ай,

Құшағына кең әлем сыйып тұрып.

 

Тілегі перзентіне таудай болған,

Жүрегін әкелердің баурай да алған.

Жаны асыл аналар-ай, жабырқасаң,

Сезетін жай-күйіңді шалғайлардан.

Тағдыры басқа-басқа болғанымен,

Тәлімі бір-бірінен аумай қалған.

 

Шашқандай күн шуағын көктем келіп,

Анасыз өсіп-өніп, көктер ме едік?

Еріксіз құшағында елжірейсің,

Жүрегің жылуынан кеткенде еріп.

Тілсе де өзектерін ащы уайым,

Жүрсе де сан сынақты көптен көріп.

Сыр бермей бәрін шыдап көтеретін,

Аналар неткен нәзік, неткен берік?

 

Шет жүрсең сарқылмайтын сағынышың,

Артық қой ақ анаңның қадірі шын.

Ол сенің жанға рахат сая бағың,

Сен оның жалғандағы жарығысың.

Бейнеттен аянған жоқ олар бізді,

Ешкімнен кем қалдырмай бағу үшін.

Біздер ше, айтарлықтай не жасадық,

Көңілін анамыздың табу үшін?

 

Таңдайыңа төсінен тамған нəрі,

Тəтті болған шекер мен балдан дағы.

Ана деген аяулы мейірбаның,

Оны ұмытып бала жоқ жанған бағы.

Ең үздік аспаз да сол жалғандағы,

Тіл үйірер аузыңа салған дəмі.

Тілеуіңді тілеуден шаршамайтын,

Қандай бақыт анаңның бар болғаны.

 

Жайқалған жапырағы ана – ШЫНАР,

Балаға мейірімнен панасы бар.

Мұң тұрса қапияда қабағыңа,

Қашан сен қуанғанша аласұрар.

Иманы артығырақ болса кімнің,

Анасын разы етуге сол асығар.

Ардақтап, тілін тапсаң тірлігіңде,

Алдыңнан жәннат бақтың жолы ашылар.

 

Нұр жүзін әжім жапқан ізгі аналар,

Ұл – қызым жүрсе дейді ізбен адал.

Көбірек көңіл бөлсек, одан басқа,

Ештеңе дәметпейді бізден олар.

 

Алтынды қолда барда бағалашы,

Жүзіне қабақ шытып қарамашы.

Сəбиін тəттім дейтін аналарға,

Баланың бал екен ғой баламасы.

Алдымен өзін қойып, бізді ойлайды,

Оларға уайым емес қара басы.

Ие боп əже деген əдемі атқа,

Қазақтың бақыт тапсын бар анасы.

 

Сен десе мейірімі алабөтен,

Ол əркез қамқорың боп қалады екен.

Тұрғыны жеті миллиард жер бетінен,

Жанашыр жан таппайсың анаңа тең.

 

Қанағат қылса бірі қара суға,

Ал бірі жұртпен жақсы жарасымда.

Бірінің жылуы көп жүрегінде,

Бірінің ақылы мол санасында.

Бәріне ризалықпен сүйсінесің,

Көргенде іштей қайран қаласың да.

Кейінгі ұл-қыздарға үлгі етердей,

Тәлім бар қазақтың әр анасында.

 

Ана мен әке туралы

 

Ерек боп қошеметі ерге деген,

Ешқашан сіз демесе, сен демеген.

Ізетті аналардың тағылымын,

Үлгі еткен ұрпағына ел көнеден.

Құрметтің айғағы ғой солар жайлы,

Айтқан сөз, жазған дастан, өрген өлең.

Анаң мен әкеңді әр кез аялап өт,

Өмірде жүзсін десең өрге кемең.

 

Өсірген, мəпелеген, аялаған,

Баладан бар жақсысын аямаған.

Ана мен əке дейтін қос жүрек бар,

Болмайды түсіруге қаяу оған.

Ешкімге кең дүниеден кездеспейді,

Құшағы дəл солардай саялы адам.

Кейімей кей сөзіне, сыйлау парыз,

Тусаң да қай əкеден, қай анадан.

 

Ұмтылса жетемін деп жәннатқа адам,

Жөн болар ата-анасын ардақтаған.

Әр ұлттың анасында өнеге бар,

Әр сөзін ұлағатпен салмақтаған.

Лайым, аман жүрсін жақсы аналар,

Қадір мен қасиетін ел мақтаған.

 

Жас ұрпақ үлгі тұтып əр ананы,

Көрсеткен тəлімінен нəр алады.

Кейінгі қыз-келінге керек мектеп,

Жасаған жанын салып бар амалы.

Ізімен ілгергінің, ерін сыйлап,

Енені қалай күтіп қарағаны.

Көнені жаңаменен жалғап тұрған,

Солар ғой алтын көпір арадағы.

 

Əке – тау, ана – бұлақ, бала – құрақ,

Жайқалған сол бұлақтан нəр алып ап.

Ақтауға ақ анаңның аппақ сүтін,

Жетер ме тырысқанмен шама бірақ?

Аянбай ата-анасын сыйласа кім,

Бақытын қос дүниенің табары хақ.

 

Әр адам мәпелеген жан анасын,

Бәйек боп, бар кезінде бағаласын.

Сонда сен армандаған жәннатыңды,

Астынан табанының таба аласың.

Анасы аман-есен жүрсе кімнің,

Өз-өзін бақытсызға баламасын.

 

Күз келсе де, гүлдің солып сабағы,

Қыс келсе де қырау басып даланы.

Көктем менен жаз секілді жадырап,

Ата-анаңның өзгермейді қабағы.

Махаббаты, Жан шуағы, пейілі,

Өмір бойы сол қалпында қалады.

 

Есенқұл ағаға

 

Сенгісіз бүгін жоғы кеше бардың,

Өмір-ай жазы арайлы, күзі күрең.

Нөмірін есіл қайран Ес ағамның,

Өшірдім телефонның тізімінен.

 

Бір лебіз есту үшін енді ағадан,

Мың жерден мен қоңырау шалғаныммен.

Тұтқаны көтермейді өлген адам,

Тіл қатып тас қараңғы тар қабірден.

 

Қаралы ел жылап жатса сорлап қалып,

Тұрады құлазымай қалай көңіл?

Иесі қапияда көрге аттанып,

Жойылып кетті осымен талай нөмір.

 

Бірі дос, бірі бауыр, бөтені жоқ,

Бәрі де маған қымбат, қадірлі еді.

Меңіреу дөңнің асты мекені боп,

Қырларда қылтиып тұр қабірлері.

 

Таусылған марқұмдардың бал күндері,

Көргенмен думан-тойды неше көркем.

Ұялы телефоннан әркімдегі,

Біздің де аттарымыз өшер ертең...

 

Бекболат ТІЛЕУХАНҰЛЫНА

 

Туған ел, ата қоныс, арда мекен,

Қорлатпай асылыңды қолға бөтен.

Тағдырың сынға түскен сағаттарда,

Мен сенің намысыңды қорғап өтем.

 

«Сүйемін салт-дәстүрім, тіл-дінімді,

Көксеймін көгі бұлтсыз күнді нұрлы.

Алладан дұға етемін жатсам-тұрсам,

Арттыр деп береке мен бірлігімді.

 

Ұлт үшін ұл болмаспын аз алысқан,

Жалғанда арманым жоқ, Қазақстан.

Дұшпанның саған қарай атқан оғын,

Кеудеммен тосып алып қаза құшсам.

 

Жан болсам қадіріңе жете алмаған,

Балам деп бағып па екен бекерге анам?»

Оңаша отан жайлы толғанғанда,

Осылай ойлайтындай Бекең маған.

 

Қаймықпай қай дауға да қатысуға,

Айналып жатады ылғи аты шуға.

Ұлтының арына бір қылау түссе,

Ұят боп қызарады бет ұшында.

 

Шайтанның сандырағын шатып кетсек,

Жатпайды уағыз айтар уақытты екшеп.

Жақтайды ата діннің абыройын,

Қазаққа қос дүниелік бақыт көксеп.

 

Ісі бұл сүйген ұлдың халқын нағыз,

Хақ діннен қандай залал тартудамыз?

Исламды игіліктің басы деген,

Тарихта аты қалған бар тұлғамыз.

 

Сұмдық та шындыққа оңай жол берер ме,

Елжіреп тұрғаннан соң ел дегенде.

Періште ұялайтын сақалына,

Жарыса жармасып жүр пенделер де.

 

Ей, олар күншілдер ғой, көре алмайды,

Түбінде сол мінезден оңалмайды.

Өзгені сыбап-сипап, сырттан мінеп,

Өздері Бекболаттай бола алмайды.

 

Күткенмен сыйланғанын қазақ төрден,

Ыңғайға тірлік бар ма тез-ақ көнген?

Қашан да ақиқатты айтқаны үшін,

Біз түгіл пайғамбарлар азап көрген.

 

Бекең де біледі ғой бұның бәрін,

Көрмейміз сөйте тұра бұғынғанын.

Соқпақты, соқтықпалы жолдарда жүр,

Үдетіп шындықты айтып шырылдауын.

 

Иесі болса дағы аппақ ардың,

Жақсысын жақсы демес мақтап әркім.

Тілегі жамандардың тіл-көзінен,

Бекболат Тілеуханды сақта, Раббым.

ӘМИН.

 

Алла осы күнімізден айырмасыншы

 

Көгіңде күн, жерде дəн,

Қойнауы құт кең далаң.

Байтақ Отан мекенің,

Бақыттысың сен, балам.

Бейбітшілік көргенің,

Жұрт та тыныш, ел де аман.

Түнерген жоқ аспаның,

Зеңбіректен, бомбадан.

 

Əр қосылып əріне,

Көз тоймаған сəніне.

Мұндай өмір бабаңа,

Арман болған əріде.

Ойлай білсең ақылмен,

Бойлай білсең мəніне.

Бар игілік, бар еңбек,

Сендер үшін бəрі де.

 

Балдырғаным бал қылық,

Аллам нұрын жаудырып.

Терезеңнің алдынан,

Арайлансын таң күліп.

Ай астында алаңсыз,

Тəтті ұйқыңды қандырып.

Күн астында Қыраның,

Қалықтасын мəңгілік.

 

 Дайындаған: Ақтолқын ТАЖИКОВА