Оңайгүл Тұржан: «Жаhандана алмайтұғын сағыныш, Сөйлемдердiң көшесiнде жылап тұр...»

 

 Оңайгүл Ізтұрғанқызы Тұржан 1955 жылы 22 қаңтарда Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданында туған. 1972 жылы сол аудандағы орта мектепті бітіріп, 1973 жылы Алматы қаласындағы Қазақ Қыздар педагогикалық институтының филология факультетіне оқуға түсіп, оны 1977 жылы бітірген. Еңбек жолын Алматыда Қазақ Мемлекеттік Телерадио Комитетінде режиссердың ассистенті қызметімен бастаған. 1982-84 жылдар аралығында Қарағанды облыстық Телерадиосында редактор-комментатор, 1985-1990 жылдар аралығында Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарған.

 1990-1995 жылдар аралығында Алматы қаласында республикалық «Жалын» журналында поэзия бөлімінің меңгерушісі, 1997-2000 жылдар аралығында Алматыдағы республикалық «Қазақстан» баспасында редактор-менеджер болып жұмыс істеді.

 2000 жылдан бері Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-да «Телерадио және PR» кафедрасының доценті қызметінде. Филология ғылымдарының кандидаты, «Махамбет өлеңдерінің поэтикасы» атты монографиясы, «Шерқала» (1998),«Жыр-дала» (2001), «Теңіздер де шөлдейді» (2003), «Жыр кітабы» (2005) атты өлең жинақтарының авторы. Стефан Цвейгтің, Зигмунд Фрейдтің еңбектерін қазақшаға аударған.

 

 

ҚАРА ТАСТАР – ДАЛАДАҒЫ ТАС - ҚОНАҚ...

 

Бозторғайдың әуенінен аспан ап,

Жусан жатыр қырды жасыл шашқа орап.

Бір келген соң кетпейтұғын ешқашан,

Қара тастар – даладағы тас-қонақ.

 

Тас-қонақтар ұйықтап жатыр оянбай,

Өздерінің тау-мінезін баяндай.

Біз де – қонақ бұл өмірге келетін,

сосын бірақ кетер аз-маз аялдай.

 

Бабам да өткен – замандарға төзген мың,

Иесі олар сөнбес рух-көздердің.

Иесі олар сөйлемдердің бойымен,

қашықтыққа жүгіретін сөздердің.

 

Мың ғасырлық қашықтық ол, жебелі үн,

Жылнама ғып жеткізді оны кеме-күн,

Көз жазбауға, адаспауға сол ізден,

Ақ қағазда суыт жүріп келемін.

 

ЖАҺАНДАНУ

 

Жаhандану ақылды да, жүйрiк те,

Қаша алмадық,көнбiс ойды кидiк те.

Өлеңдегi әрiптерiм таңқалды,

цифрлардың қолындағы билiкке.

 

Сапырылысты үмiт, күдiк оттары,

Кейбiреулер жалқау күнiн жоқтады.

Теңiз отыр басқа жаққа көшем деп,

Кейбiр өзен демалам деп тоқтады.

 

Жаhандану бiреулерге ұнап тұр,

Қандай өзi, қай жақта деп сұрап тұр.

Жаhандана алмайтұғын сағыныш,

Сөйлемдердiң көшесiнде жылап тұр.

 

Жаhандану, сұсты сенiң есiмiң,

Сен боп сөйлер қала, сана, бесiк үн.

Көше саған жасыл шаммен жол бердi,

Таулар ғана тарс жапты есiгiн.

 

Таулар ғана өзгерiссiз қалып тұр,

Жаhандану Менi, Сенi бағып тұр.

Кеше олар көршiлерге келген-дi,

Бүгiн менiң есiгiмдi қағып тұр.

 

Қаға берер, түнiменен өшпейдi үн,

Қолында оның – шексiз Аспан, төскей Күн.

Ашайын десем, жұтылам ба деп қорқам,

Ашпайын десем, тау емеспiн.

Не iстеймiн?

 

ЖЕЛТОҚСАН-1986

 

Желтоқсанның шарасында,

Тұнып тұрды қара шық.

Адамдардың арасында,

Көшелер жүрді адасып.

 

Үмітімді таңдарым да,

Тастағанмен аз-ақ қып.

Бағдаршамның бағдарында,

Жанып тұрды Азаттық.

 

Талайларды құлы қылып,

Талайларды торға алған,

Балғасымен ұрып-ұрып,

Орағымен орып алған,

 

Қызыл жалау қыдырыстап,

жүретұғын Алаңда,

Ұлы арманын ығына ұстап,

Дауыл жүрді соғарға.

 

Соқты дауыл. Дүбір кетті.

Ұран болып ұшқан үн.

Желтоқсанды дірілдетті,

«Менің Қазақстаным»!

 

Жер-дүние – қалш-қалш,

келе жатты жан үптер,

қара түнді қарш-қарш

шайнап жеген танктер.

 

Келе жатты екінді еніп:

шыға келді көміп тер,

қызыл жалау секілденіп,

өрт сөндіргіш көліктер.

 

Жігер едік лапылдаған,

жан-жағына шоқ тарап.

Сөндірмекке атылды оған,

Қара судан «оқ» борап.

 

Шынында да өрт едік біз,

Жалындаған от-кегі.

Бабалардың серті едік біз,

Серті едік біз өйткені.

 

Оқ тиіп, қан жосылған соң,

Қала алмады ой қалғып.

Өрт пенен су қосылған соң,

Цунамиге айналдық.

 

Бар жігерін құйды уысына,

Қайрат, Ләззат – балаң ер –

Антиқазақ вирусына,

Қарсы шапқан қарагер.

 

Қуат беріп жан арманым,

Алаңға үміт жүз келді.

Қара халық – қара орманым,

Қолдап тұрды біздерді.

 

Әнімізді жалғап кекті,

Қосылды енді басқа да үн.

Екпініміз шарлап кетті,

Күллі Кеңес аспанын.

 

Қуатты енді содан күттім,

Көрсетіп жол жүлгесін.

Жетпіс жылдық бодандықтың,

Шайқап бердік іргесін.

 

Білмей келген жасқанбақты,

Бодандықтың сұр әні.

Жұлдызы еді – бес тармақты,

Бес жылдан соң құлады.

 

Жиырма жылда тұнып шықты ән,

Кетті елім көшелі.

Біздің ұрпақ бұзып шыққан,

Ұлы қамал осы еді.

 

БАЛБАЛ ТАСТАР

 

Балбал тастар, кәрісің бе, жассың ба?

Жаңалыққа доссың ба, әлде, қассың ба?

Тасқа айналған адамсың ба сен, әлде,

Адам болып келе жатқан тассың ба?

 

Көрер күнің көп пе, әлде, аз-ақ па?

Өңіңдегі шаттық па, әлде, азап па?

Жусандардың ұлты – қазақ, білемін,

Ал сенің ше? Сенің де ұлтың қазақ па?

 

Қазақсың ғой, танып тұрмын сөзіңнен,

Тас кеудеңе ұлы тарих көз ілген.

Өзің тұрған мына аңыз далаға,

Қарайсың сен ғажап қазақ-сезіммен.

 

Балбал тастар мәнімізге мән қоса,

Мейіріммен тербетесің жанды аса.

Өңіңдегі нұр-күлкіңнің қалдығын,

Жел ұшырып кеткендігі болмаса.

 

Сені, тіпті, көме алмады құм-тағы,

Қайта сені ол аялады, қымтады.

Балбал тастар, сен меніңше кешегі,

Білге қаған, Күлтегіннің ұрпағы.

 

Біз де соның ұрпағымыз қуатты,

Жаралғанбыз өжет болып тұяқты.

Шыңғыс ханның мүрдесі де жасырынып,

Бізден әлі қашып жүрген сияқты.

 

 

САРЫ ҚҰМДАР

 

Сары құмдар, көрсетесiң бөлек бой,

Сенi де әлде мазалай ма деректi ой?

Тау бола алмай олай-бұлай көшесiң,

Тау болуға тұрақтылық керек қой.

 

Бойың әрең жетiп түр ғой дөңеске,

Даусыңдағы мұң ба, әлде, егес пе?

Ел болсам деп армандайсың iшiңнен,

Ел болуға бiрлiк керек емес пе?

 

Үмiт үзiп өлiп жатсың, тұрсаңшы,

-Жылап көрсең қайтед?- дейдi бұлт-әншi.

Ол үшiн де көздiң жасы керек қой,

Ең болмаса бiр тамшы.

 

Оны саған кiм бередi. Жаз- егес.

Көл боп алдап кетер сағым-сан елес.

Налыма ендi, бар көз жасын тауысып,

жылауынан тыйылғандар аз емес.

 

Өмiр өзi құм деп, тас деп жұптайды,

Жұптап қойған алып пенен құйттайды.

Сарғайғандар теңейдi өзiн тек саған,

Құйындар да саған келiп ұйықтайды.

 

Құм-дауылдың Үкiметi – сен ғана,

Салмағыңды көтередi кең дала.

Үнсiздiктiң үстелiнде жатқан ой,

Ол зiл-ойды көтеретiн Мен ғана.

 

 

ШИНЕЛІН ОҚПЕН КӨКТЕП АП...

 

Ен-таңба салмай күндерге,

Өтетiн уақыт өктем-ақ.

Соғыстар жүрген бұл жерде,

Шинелiн оқпен көктеп ап.

 

Маңдайдан ащы ағып тер,

Ұмыт та қалып аялы үн.

Бұл жерде жазған танктер,

Соғыстың өмiрбаянын.

 

Қабырғасы елдiң кетiле,

Оққа ұшып жатса арыстар,

Таласып газет бетiне,

Суретке түстi соғыстар.

 

Көк майса шөбiн отап бар,

Жаншылып жатты өлiп қыр.

Бос қалған сорлы окоптар,

Солдатын өзi көмiп бiр.

 

Оқтары шашып өлi дем,

Тапап бiр суыт жүрiспен,

Даланың бейбiт көлiнен,

Соғыстар келiп су iшкен.

 

Шошына көре жұртыңды әр,

Жазылған үкiм-кесiмдей.

Бомбадан қалған шұңқырлар,

Соғыстың көп нүктесiндей.

 

Шырқалсын Жеңiс жыр-әнi,

Жүрекке ғажап күй тұна.

Бiр отар танк тұр әнi,

Танктер қалың ұйқыда.

 

Шуағын жайып Жеңiс күн,

Жетсе де бiзге көктем боп.

Сұрапыл сол бiр соғыстың,

Сиясы әлi кепкен жоқ.

 

ҚЫС

 

Ішімде де ақ боран,

Сыртымда да ақ боран.

Көңіл-бұлақ ақ табан,

Ол да қатып тоқтаған.

Үсіп өлді үмітім,

бір жаз бойы сақтаған.

 

Қарға батып дәрменім,

Мұзға қатып дәуренім,

Кәрі қысты тұр-тұрлап,

Оята алмай әуремін,

Шаңқай жаздан адасып,

Жүрген жалғыз сәуле едім.

 

Қыс пен жазды жалға тіл,

Көктеміңе бар батыл.

Жасыл-желек қай жақта?

Мұнда  тау да, тал да тұл,

Өлеңдерде ақ қырау,

Ой ұшында қар жатыр.

 

 

ҚАЛЫҢ ОЙДЫ

ҚАЛЫҢ ШАШТАЙ ТАРАЙМЫН

 

Қалың ойды қалың шаштай тараймын,

күдiктердi қара түнге қамаймын.

Санадағы жалғыз түйiр үмiттi,

қайта-қайта санаймын.

 

Таң атады күлiмдей,

Күн батады бiлiнбей.

Шимай-шимай қағаздарды лақтырдым,

Жанып-жанып бiткен ойдың күлiндей.

 

Жанып бiткен.

Қалар емес сонда да.

Ақ қаламым жүгiретiн қолбала.

Қара түндi қағаздайын умаждап,

Отыратын мен ғана.

 

ТҮК  БIТIРМЕЙ  ҚАРАЙДЫ

УАҚЫТ  МАҒАН

 

Жартастар тұр жастығы ортайған бiр,

тастығына мақтанып шалқайған кiл.

Терезеден қарайды сол тастарға,

құмыраның iшiнде қартайған гүл.

 

Қартыққа да көндiккен гүл-көңiлi,

көнбiстiк те – тағдырдың бiр керiмi.

Ұқсата алмай бiз жүрмiз барымызды,

Таусылуда ғасырдың күнделiгi.

 

Маған әсте жақпады ән, жақпады маң,

мазам кеттi күндердiң шатпағынан.

Жалпылдайды iлiнiп бiр шегеге,

қоғамның қаңқасына қаққан ұран.

 

Бұл көңiл бұл күндi де аңсар ма екен?

қаланың жартысы базар,

. . . барсам ба екен?

Көк Каспий, мен де сенi сүртiп тастап,

орныңа базар салып алсам ба екен?

 

Базар - қоғам,

сонда жүр жақұт санам.

Түк бiтiрмей қарайды уақыт маған.

Тоқтата алмай, әуре боп алтын шақты,

сағаттың сыртылына батып барам.

 

 

 

Аңдарды адам қылам деп…

 

           “Цирк артисiн өзi үйреткен

алып пiл көрермендердiң көз алдында

тапап өлтiрдi.”

                       Телехабардан

 

 

Құмар ғып көлiң, шөлiң де тiптен,

Табындық құлан, қыран деп.

Цирктер басын өлiмге тiккен,

Аңдарды адам қылам деп.

 

Мың тiрiлiп, сосын...

мың өлерi шын,

Өр сезiм қайда қамалмас.

Адамға керек ұлы өнер үшiн,

Ұлы аңдар бодан бола алмас.

 

Аз емес менiң күйiнiшiм де –

Өмір де  – цирк алаңы.

Адамдар киген киiм iшiнде,

Аңдар да кетiп барады.

 

АҚ ҚАЛАМНЫҢ ҰШЫНДА ҚАШҚАН КИІК...

 

 

Жан біткеннің жүрегін аралай кеп,

Түн-шабытым ақырын қағады әйнек.

Жүрегімде ақ таң бар, ал кигенім –

Қара түннен тігілген қара көйлек.

 

Кірпігіне мұз қатты қарашаның

Бәйге-күнмен жарысып, таласамын.

Түнгі аспанның жұлдызын жетегіме ап,

Ақ дәптердің бетінде адасамын.

 

Арман шығады алдымнан асқар биік,

Таулар шығады алдымнан аспан киіп.

Ақ дәптердің бетінде жазық дала,

Ақ қаламның ұшында – қашқан киік.

 

Қашқан киік! Жоқ оның тоқтамағы,

Сөз-орманға енеді. Жоқ болады.

Топ қарлығаш ойымнан пыр-пыр ұшқан,

Өлеңнің жолдарына кеп қонады.

 

Түн осы – сан әуенді. Боямалы.

Дөңгеленіп ақ таңға таянады.

Түніменен тербеліп, таң атқанда,

Ақ қағазда қара өлең оянады.

 

ҚАРА ТҮН

 

Ай қарайды тау жақтан қимасымдай,

Ол енді шұғыласын жинасын жай.

Жетелеп,

Кетіп бара жатыр түнді,

Қара жол Қара түннің бұйдасындай.

 

Қара түн – жыр,

Ақ таң - ән. Дауыс қандай!

Қара өлең Ақ өлеңге ауысқандай.

Қара нар желідегі түрегелді,

Қара түнді өзі ішіп тауысқандай.

 

Тауысты.

Таң келді енді таусылуға,

Уақыт солай есігін қаусыруда.

Түс болды. Кеш те келді апыл-ғұпыл.

Түн шашына көмілді тау-сұлу да.

 

Уақыт-ай, қуар едім, жоқ қанатым,

Таңды ұрлап әкелер ме шапқан атым.

Осы болды-ау «дүние – кезек» деген,

Қара нарды жұтты енді қап-қара түн.

 

 

 

МАҢҒЫСТАУҒА ШАҚЫРУ

 

                                           Түйе қармайтұғын жапырағы да дәрі,

                                             Түйе аунайтұғын топырағы да дәрі.

                                                                                

                                                                                     Сүгір

 

Маңғыстауда маңып жүр кереметтер,

Бір-бір мазар көтерген төбе-бөктер.

Кемер құмның көзінде кеңеседі,

Сары далаға үй тіккен ебелектер.

 

Қара жердің жонында қамқа тұнып,

Қарсы алар «Қаламқастай» қалқа тұрып.

Бел-белестен келеді бұрым-құмдар,

Шерқаланың шеріндей тарқатылып.

 

Шыңыраулар.

Мәрт қой ол – көне көзім,

Қара жерге қадалған жебе де өзің.

Иен далада иесіз қалғаннан соң,

Ішке құлап шыңырау көмеді өзін.

 

Тереңіне қауғалар құлап барып,

Су емес-ау,

Шығатын күй ақтарып.

Кеуіп қалған түн-түбің шықты алдымнан,

Қайғының қара көзі сияқтанып.

 

Тағдыр-ай! Тағдырымыз тарғыл мынау.

Жыртық шекпен тарих бұл сан мың құрау.

Маңғыстаудың бүгіні бақыттырақ,

Өткені сізден гөрі сәл мұңдылау.

 

Тебіреніп,

Көркем көңілі даланы ұғып,

Ел кешкен ескі нала сананы үгіп,

Көк теңіз Көк туымдай толқып алып,

Көк бөрінің даусына салады ұлып.

 

Жел бізді өзге жерге мақтап барған,

Ол жырды бала кезде жаттап та алғам.

Ғасырдан ғасыр аттап қой тастар тұр,

Маңырап бара жатып тоқтап қалған.

 

Келіңіз! Сіз де шабыт аласыңыз.

Сол жердің шөлін ішкен баласы – біз.

Сескенбеңіз ақ құмның ажарынан,

Ақ бұлт кешіп жүргендей боласыңыз.

 

ЖАЗ

 

Аптапқа шашым шарпылып,

Тарады желдің тарағы.

Бұталар құмға малтығып,

Қараңдап кетіп барады.

 

Солардың мен де бірі боп,

Кешемін ойдың ақ құмын

Тұрды да тауда дірілдеп,

Мұңыма келіп батты күн.

 

Мың сауал қойдым.

Ұлық күн

бір жауап айтар түрі жоқ.

Қолыма қысқан үміттің,

Сабағы қалды гүлі жоқ.

 

Көлік қып жолға алғаным,

Көңілдің сынық күймесі.

Ағытылады алда мың,

Жейделі күннің түймесі.

 

Жанды да сөнді сәуле бір,

Айналды сосын сағымға.

әлекке түскен әуре-Өмір,

өлеңге ен де, дамылда.

 

 

МЕН

 

Жаз ортасында жауды қар,

Шілде тұр тоңып, қалтырап.

Түймедей көңіл – тау құмар,

Шақырды мені жарты бақ.

 

  • Жарты емес, бер, - деп – бүтінін,

Ерегес салып мен  тұрдым.

- Түзу ұшпастай түтінім,

немене… кімнен кем тұрмын?

 

Қиналды мына жан-тұмар,

Сонда да сормен егестім:

- Қар жауды екен деп қалтырар,

Мен саған шілде емеспін.

 

Маңдайдың сорын сылып ап,

өкініп тұрмай өткенге,

жұбаныш айттым шығып ап,

өксіп бір жатқан көктемге.

 

- Шерімді қалай жат тыңдар,

мені де жұбат, - деп қалмай,

соңымнан жал-жал ақ құмдар,

шұбырып келе жатқандай.

 

Қурап бір құм боп тусаңдар,

Турап бір тастар тұғыр күн.

Бір нәрсе деді жусандар,

Естімесем де ұғындым.

 

Бір бақыт алда бары анық,

Қасқайып соны күткеймін.

Бір шаршы түнге оранып,

Ойымды қырық бүктеймін.

 

Ой деген – жегі,

Тау-шыңдай,

Шығам деп ауа қармадым.

Таусайын десем, таусылмай,

Толтырам десем, толмадың.

 

Ой деген – терең, шыңырау,

Түбіне тоқсан түскенмін.

Бір ұрттам ғана ғұмыр-ау,

Осылай сенде түстендім.

 

Шаңқай түс, саған қарадым,

Аңғал ем, кеттің есті ғып.

Түстеніп кетіп барамын,

Алда тұр енді кешкілік.

 

 

ҚҰЙЫНДАР ЖАЛТ ҚАРАДЫ ТОҚТАЙ ҚАЛЫП…

 

Құйынға билік айтты дала шаңы,

Қамыс соны талқылып, таласады.

Илеу-қала салуда құмырсқалар,

Күн сайын өсіп жатыр «қала» саны.

 

Көктем жүр шуағымен үңгіп маңды,

Сұлулықтан шошынып сұмдық қалды.

Тұнып тұрды жып-жылы самал даусы,

Көк құрақ

- Орманбыз!- деп мүлгіп қалды.

 

Құмырсқа аралап жүр сол орманды,

Іздейтін секілді ол да жоқ арманды.

Көбелек – сабағы жоқ гүл секілді,

Бал ара сол жайында хабарды алды.

 

Қара жол ақ бұлақты аттай барып,

Сонау тауға беттеді бақты айналып.

Қара жермен жарысқан киіктерге,

Құйындар жалт қарады тоқтай қалып.

 

Тас жатыр бойын жуып бұлақ асты,

Ақ бұлақ көл іздеумен мың адасты.

Тымық дала…

Гүрс етті мылтық даусы,

Зәресі ұшып құйындар тұра қашты.

 

Сұрақ даусы барады иіп талды,

Мылтық даусы!...

Орнында киік қалды.

Таңданатын несі бар,

Тарих куә,

Жүйріктерге талай жол тұйықталды.

 

Төрт тұяқты өмірің дамылдапты,

Топырақты қып-қызыл жалын жапты.

Кең далада бірге өскен бауырына,

Құйындар кеп топырақ салып жатты.

 

 

Дайындаған: Ақтолқын ТАЖИКОВА