Мұнайдар БАЛМОЛДА: «Өлеңімде жаныңызға жақынмын, Өмірімде арды ойлаған ақынмын»

   Құрметті оқырман!

 «Eler.kz» медиапорталының поэзия бөлімінде Мұнайдар Балмолданың өлеңдерін ұсынып отырмыз.

 Мұнайдар БАЛМОЛДА – 1969 жылы, 16 қаңтарда Батыс Қазақстан облысының Жаңақала ауданы, Көпжасар ауылында дүниеге келді. Махамбет атындағы БҚМУ-дың көркем-сурет және графика факультетін бітірген. Қазақстан Журналистер және Жазушылар одағының мүшесі.

  1993 жылдан бері «Қазақстан-Орал» телеарнасының тілшісі. «Жеңісті жақындатқандар» (2000 ж.) Халық қаһарманы Хиуаз Доспанова туралы, «Шығыс Шолпаны» ( 2002 ж) М. Мәметова жайлы, (2003 ж) «Махамбет» және (2006 ж) «Сырым батыр», Х.Есенжанов пен Т. Жароковтың туғанына 100 жылдығына орай «Қос қыран» және тәуелсіздіктің жиырма жылдығына орай (2011 ж) «Махамбеттер тірі екен...», «Буыршын мұзға тайған күн...» атты деректі фильмдер мен бірнеше бейнеклиптердің авторы. Балаларға арнаған өлеңдері әнге айналды. 

  2006 жылы «Көкбөрі» атты өлеңдер мен әңгімелер жинағы жарық көрді. (Оралдан) 2010 жылы «Қағаз ұшақ» атты көркем фильм түсіріп, «Дидар» Республикалық бесінші жастар кионфестиваліне қатысты. Одан бөлек "Ақ қоян", "Жаяу әскер" атты қысқа метражды көркем фильмдердің сценарийін жазды. 2011 жылы «Ақ тұлпар» атты өлеңдер жинағы шықты. (Оралдан) «Тіл жанашыры», «Қазақ Хандығына 500 жыл», «Ақпарат саласының үздігі» медалдарымен марапатталған.

 

 

*       *       *

 

Алыстай бердік біз неге,

Қайғыда жүрек, сыз дене...

Бұралаң жолды өмірден,

Сен мені енді іздеме.

 

Мен кеткем думан сәттерден,

Сүйкімді сұлу кептермен...

Іздесең мені табасың,

Өмірден емес, дәптерден...

 

Дәптерден, сарғыш беттерден...

Ақ түбіт бұлттан көкті емген...

Айтылмас жетім сөздерден,

Қолқада тас боп кептелген...

 

Алыстап кеттік расы сол,

Түйіспейтіндей асыл жол...

Сендегі бақыт – шын бақыт,

Мендегіде тек басым сор...

 

Сарғайдық, сөйтіп күз түсе,

Сытылдым сенен "қыз-кісен..."

Сары алтын мендік әлемге,

Демеймін енді із түсер...

*       *       *

 

Қарашы, міне, самғадым,

Аялы алақаныңнан...

Мен де бір аппақ өлеңмін,

Аспанға бара жатырған...

 

Ұшырдың, қайтып оралман,

Оралман, саған ақ арман...

Мен де бір ақ құс бейкүнә,

Қанатын қағып, жоғалған...

 

Шығарып салдың бұл жолға...

Өз қолыңменен біржола...

Мен енді жерге қонбайтын,

Кеңістік кешкен жыр болам!..

 

Қимай да қимай самғадым,

Аялы алақаныңнан...

Аяулы менің жан жарым,

Жолымда шығар кім білген,

ақ түбіт бұлт жасырған...

 

*       *       *

 

Алыстаған сайын арамыз жақындай түсер бар тылсым,

Біздегі жүрек мың сезім жанартау отқа шарпылсын.

Күннен де бетер ыстық боп барады өне-бой мендік,

Айкелбет ару сен неге мен келген кезде салқынсың?..

 

Жарықтай жылдам қызуым өлең боп өртер ән сәтте,

Бақытсыздықты сеземіз, бақыт үшін біз келсек те...

Бетіңе жылтыр жымиған мына әлем, жердің пендесі,

Таңады бізді көр де тұр, білтесі бітпес өсекке...

 

Мейлің деп қолды бір сілтеп, жүректі отқа қақтағам,

Мен сені сүю арқылы, жападан-жалғыз бақ табам...

Шерленген жүрек көзінен өнеді өлең шүпілдеп,

Бір адам болса, мен болар сезімін адал сақтаған...

 

Асылық айтсам кешірер, кешпесе осы шақ мінез,

Ғашық болғанға шейінгі - алты жыл ғана жақсы кез...

Қалғаны бәрі құсалық, жалғанға көну, жығылу,

Жасыннан жонған жебеңді қақ жүрегіме атшы тез!..

 

Тіледім, жүздесер күнді шыдатпас дертім сағыныш,

Сен аман болшы, басыма не жазса көндім жазмыш...

Бір көрсем деген үміттің жетегі алтын жіп шексіз,

Опынбай кетсем деп едім, әкеткен күні озмыш...

Мені...

        

*       *       *

 

Көзіңе сенің түспейтін,

Бұлт болып көкте көшпейтін.

Жүректе бірақ өшпейтін.

Өлең жазам...

 

Аязда қалса үспейтін,

Мерейің болып үстейтін.

Түбінде өзің еститін,

Өлең жазам...

 

Жолыңды сенің кеспейтін,

Бар қылығыңды сөкпейтін.

Ешкімнің қолы жетпейтін,

Өлең жазам...

 

Тасқа түскендей кетпейтін,

Тіл менен сұғы өтпейтін.

Жүрек көзімнің жасындай,

Сен дегенде еш кеппейтін...

Өлең жазам...

         *        *        *

Мен сені жазғырмаймын, жалғыз уайым,

Жадымнан кетпей қойдың әр күн сайын...

Әлемнің бір шетінде аман-есен

Жүрсең деп жалбарынам,

Жан-құдайым...

 

Қабыл ап тілегімді, жүрегімді

Қайғыға толтырмағай, түнегімді

Айдың ақ сәулесімен сүттей жарық

Қылса екен, сұлу сүйген гүл ерінді

 

Жанымды жалғыздықтан құтқарса екен,

Жеткізіп бір өзіңе өлеңімді...

күзді күн күңіренген жапырақтай...

көңілім күншуақта неге мұңды?..

 

Ойымнан кетпейтіндей сұлулығың,

Сіміріп салдым білем мың уды шын...

Әзиздің сипаты бар ақ жүзіңде,

Алдымда қанша сының құрулы тұр?..

Мені өлтіретін...

 

*       *       *

 

Балалықта жүректі байлап бердің пәк күйі,

Қабылдадым сезімді, деп таныдым бақ-сыйың.

Бірді сүю арқылы адамзатты ұнаттым,

Еске алдым өзіңді оңашада қап жиі...

 

Қалай мұны жазбайын, пенде ұқпаса адам бар,

"Мен ғашықпын!.." демеймін, десем нетер, жарандар?!.

Ғашық болып туыппыз, ғашық болып өтерміз,

Бізді ұқпайды теңіздің дәмін білмес сараңдар...

        

 

ТАМЫЗ

 

Тамыз туды тамылжыған нұрымен,

Сұлу сазды, сағынышты сырымен.

Бұрын-соңды көрінбеген гүлімен,

Алуан дәм, тіл үйірер түрімен.

Тамыз туды алма болып қызарған,

Ұзап бара жатқан шіркін, қыз арман...

Жасыл орман сәл-пәл түскен жапырақ,

Піскен жеміс, көлеңкелер ұзарған...

Тамыз туды шырыны бал жүзім боп,

Ғашық жігіт бірін еппен үзіп өт!..

Тамыз туды, айнала той, шат күлкі,

Думандатып бара жатыр қызу көп...

Тамыз туды, сенің жүзің тәрізді,

Айналаның бәрі сұлу, бәрі ізгі.

Тамыз туды, сенің көзің аумаған,

Табиғат та алады екен қарызды...

Тамыз туды, шашын жайған сұлудай,

Күннен кейін күлімдейді ару ай.

Бәрі саған ұқсағысы келеді,

Махаббатым, кеткен бізге бұрылмай...

        

*       *       *

 

Жүрсең де қайда бақытыңды тілер бір адам барын білерсің,

Өткен күндердің елесін еске ап, сағынып бәлкім жүдерсің.

Сондай шақтарда күлімдеп келіп, ұсынар гүлім өлең ғой,

Сен деген ақын көңілі ашық, бұлт басып қалай түнерсін?!.

 

Қатысты саған нәрсенің бәрін ұнатам сондай іш тартып,

Сен жүрген көше, сен тұрған үйді, аспанда ұшса құс қалқып...

Бәрін де бәрін сүйемін көзбен аялап қарап, қадірлеп,

Жатса да менің өмірімді осы көрген бейнетім қысқартып...

 

Махаббат деген көпшілік ұққан үйленіп, түтін түтету ме еді,

Қосылмай әлде Қозы - Баяндай қайғырып, көңіл жүдету ме еді?..

Екеуі де бар, екеуі де жоқ, махаббат - мәңгі ғашықтық,

Адамды емес, Алланы сүю, жүректі таттан күзету тегі...

 

*       *       *

 

Сені еш ұмыта алмайтынымды сеземісің,

Менсіз теңіз жағасын кеземісің?!.

Толқын болып ізіңді сүйсем деген,

Мен бір зіл қайраңдаған кеме мүсін...

 

Сағыныш сарғыш тартқан атыраптай,

Барады көз талдырып, жан шыдатпай...

Сен мені ұмытарсың, ұлы таңның,

Арайы аймаласа ән шуақтай...

 

Сол мен ғой, сағыныштың самалындай,

Сүйсінген періште нұр жамалың-ай!..

Теңіздің кермек ащы тамшылары,

Жанымның жәудіреген жанарындай...

 

Аймалап, етегіңді қала барар,

Әр бірі мөлдіреген дара жанар...

Өзіңді алақанға салып алып,

Қаласаң, арманыңа ала барар...

        

 

 

СЕН ҚИЫЛА ҚАРАҒАН КЕЗДЕ...

 

Аспан шайдай ашылады,

Інжу-маржан шашылады.

Жадыраған жан шуағым,

Сен қиыла қараған кезде!..

 

Ақ Жайықтың атырабы,

Сәмбі талдың жапырағы.

Мені қайда шақырады,

Сен қиыла қараған кезде!..

 

Айналаның асыл бәрі,

Жаратқанның әзіз сәні.

Жүрегімнің ғашық әні,

Сен қиыла қараған кезде!..

 

Бақытым бол басымдағы,

Мойыныма асыл тағы.

Ақ қайың қыз жасыл бағым,

Мен үздіге қараған кезде...

        

*       *       *

 

Тым сенгішпін,

Баладай аңқау,

Батырдай аңғал мінезім...

Тым көнбіспін,

Даладай құрсақ,

Данадай жұмсақ, тіл-көзім...

Шын төзгішпін,

Қаралай қиянат,

Жаралай қиялап, жүрегім...

Салса да шыдап,

Жатсам да сұлап, жүремін...

Күндердің бір күнінде,

Ылдида емес, жайдақ су...

Ұшар шыңға байлап ту,

Тұратынымды білемін!..

 

КІМСІҢ СЕН

 

Сезім толы теңіз болып шақырдың,

Жүрек қинап, жанға сыйлап асыл мұң...

Көзім тұнып, төзім құрып жатырмын,

Жұмбағыңды, сыр мәніңді жасырдың...

 

Кімсің сен, кімсің сен, сыртымнан сүйсінген?!.

Мен жайлы ойланып-толғанып, күрсінген?!.

Кімсің сен, кімсің сен, күндіз күн, түнде ай,

Көгімде жүрсің сен...

 

Сөздің шыны - тұтқынымын сабырдың,

Көздің нұры - жырда жаһан сабылдым...

Өлеңімде жаныңызға жақынмын,

Өмірімде арды ойлаған ақынмын.

 

Кімсің сен, кімсің сен, сыртымнан сүйсінген?!.

Мен жайлы ойланып-толғанып, күрсінген?!.

Кімсің сен, кімсің сен, үндескен тылсыммен,

Жүректе дүрсілмен?!.

        

*       *       *

 

Мәжнүн тал -

бейне менің жанымдай,

Ләйлі жар үшін төккен жауындай...

Әр жапырағы төгілген,

Өлеңдей өмір сөгілген...

Ақынға жақын бауырдай!..

 

Мәжнүн тал -

құдды менің өзімдей,

Ләйлі жар деп,

Жүректен шыққан сөзімдей.

Мөлдіреп төгіліп тұр,

Егіліп, өріліп тұр,

Мәңгілік өшпейтін нұр

сезімдей!..

        

*       *       *

 

Күз түсті.

Төңірек құбылды.

Сары алтын сәулемен жұғымды,

Күн күлді,

Көзімен күлімді,

Қыз күлді,

Қаракөз, бұрымды...

Көңілім көкке өрлеп әп сәтте,

Жүрегім аузыма тығылды!..

Аяғым түп-түзу көшенің теп-тегіс жолында,

сүрінді...

Сұлулық алдында ақыл-ес,

адасты, мүдірді...

Сүрінбей, мүдірмей, кідірмей қайтемін,

Менің жаныма Сұлулық Ханшасы Махаббат,

Назар  сап үңілді...

        

*       *       *

 

Сен сөйтіп алыстадың, алыстай бер...

Әкетті сені менен ағыстай сел...

Сыймаймыз екі ұшына бұл әлемнің,

Біз үшін жер дүние қарыстай жер...

 

Сен менен кеттім дейсің, сендім соған...

Ішіңнен біржолата дедің, жоғал!..

Алайда, бір кездері жүрегіңде

Ең қымбат есім болдым, дүрс-дүрс соғар...

 

Қалайша өшіресің сезім ізін,

Жасырып жан адамнан, төзуің шын...

Сен мені іздесең де, іздемесең...

Бәрі қиын болады өзің үшін...

 

Сен менен алыстадың, алыстай бер,

Көгімде жерге қонбай қалықтай бер...

Алайда өлеңіммен мың жапырақ,

Жел ұшырып әкеткен, табыспай көр!..

 

*       *       *

 

Өмір жайлы ойлаушы ем жасырақта,

Мәңгі-бақи жүрердей жасыл бақта.

Махаббат, бақыт бәрі осы екен деп,

Кейде онда қалмайды жапырақ та...

 

Міне, түсті сары келін атырапқа,

Дейді жаздай жұбайдан ажыратпа...

Көп өтпей қыс келеді қар жамылып,

Оны білген бір түйір жапырақ та...

 

Бір-бірінен барлық жұп ажырайды...

Бақ құлазып, бар маңай азынайды...

Күндей жандар сәулесін сыйлай білер,

Жоғалтпайды ешқашан асыл айды...

 

*       *       *

 

Мың, миллион адамның арасынан,

Сен мені тауып алдың, бейкүнә жан.

Бәрін ұқтым, көзіңнің қарасынан,

Сұлу сезім, тәп-тәтті күй сұраған...

 

Уақыт сусып бір уыс құмдай болып,

Төгіледі, таусылып алақаннан...

Сенен, менен жоғалды сондай көрік,

Біз жаралы жандармыз жара таңған...

 

Демеу болса жаныңа жаз хатыңды,

Жауап қатам, табамын уақыт жүзін...

Білмеймін ғой тасадан тас атуды,

Мені тапқан сен сондай бақыттысың...

 

Мың, миллион адамнан адаспастан,

Сен мені тауып алдың, қалай ғана?!.

Асып жатыр қоятын сұрақ бастан,

Сен бірақ маған енді қарайлама...

 

Бізді тағдыр сынады, сынап бағад,..

Қолымыздан келері шыдау ғана...

Мың жыл тұрған ағаш та құлап қалад,

Бірімізден-біріміз ұзау ғана...

бізге қиын...

 

Дайындаған: Ақтолқын ТАЖИКОВА