Күз ару – демін жұпар, құшағың бал!

 «ELER.kz» медиапорталының поэзия бөліміндегі бүгінгі күз топтамасынан Ербол Бейілхан мен Сағыныш Намазшамованың өлеңдерін оқи аласыздар.

 

Жирен Күз

  

Жирен Күз. Қобы тартып, жыра салған,

Түсіме тау кіреді қына шалған.

Жаз – дәптер күнге тиіп сарғайыпты,

Бұлт ойнап, қызыл-жасыл сия тамған.

 

Құс қайтты!.. әуен қалды жүрекке еніп,

Құлжалар шайқасады күйек келіп.

Індерін шолақ саусақ суыр жауып,

Жатады ұйқылы-ояу түнекке еніп.

 

Текелі Сүмбіле өтті суық шалған,

Шағыл – Ой, сені қайтем тұйықталған?

Шыт көйлек бұлт сүйгенде шыңның басын,

Орамал сыйлап сені сүйіп қалғам...

 

Күз ару – демін жұпар, құшағың бал!

Желменен көшіп жатыр құса құмдар.

Қараша. Қайтқан қазды қия алмайсың,

Жирен Күз, жер тарпыған тұсауың бар...

Ербол Бейілхан

Астана қаласы

 

 

Ғашықпын Күзге

 

Көктем күледі, Жаз қабағын ашып,
Бірақ менің жаным Күзге ғана ғашық. 
Қоңырсалқын дидарын көрсем болды
Жүрегім соғады, көңілім тасып.

 

Боялады өңір қызғылт сары түске,
Сол сары түс кейде түсіп кетіп ішке,
Мазамды алады менің сағыныш болып,
Екі жүрек кенет бөлінеміз үшке.

 

Сол жүректе ерен болғанымен күш бар,
Жадырауға емес, жабырқауға құштар.
Алып кетсе ғой деп армандаймын сосын 
Жылы жаққа кетіп бара жатқан құстар.

 

Құстар мені қайтсін көшіп жүрген шақта,
Жылы жақта көзі жәудірейтін жатқа.
Жер бетіне қыс кеп, кәрін төккен кезде,
Бала көктем ғана қалып қойса бақта.

 

«Сонда сен де, әй, құс, кетпес едің менен,
Солай болса сенің кетпесіңе сенем».
Сенетінімді айтып ұйқысырап жатсам,
Тоңазып-ақ қапты толықсыған денем.

 

Сағыныш Намазшамова

Талдықорған қаласы

 

Дайындаған: Ақтолқын ТАЖИКОВА