Cағыныштан арылмадық...

 

  Поэзия бөліміндегі бүгінгі күз топтамасында өлең өлкесіндегі жаңа есімдермен таныса отырыңыздар.

* * *

Неге біздер сыйласпадық ,

Ақтарылып сыр да ашпадық.

Сағым қуып сарылмадық ,

Ал бірақ ... сағыныштан арылмадық.

 

Уәделескен кездерге,

Қоңырқай тартқан көздерге.

Айтылмаған сөздерге,

Тек  куә  күз біздерге.

 

Қанатына байладым да,

Артып үміт сағынышты.

Қайтқан құсқа табыстадым,

Кеткен іздеп таныс маңын.

 

Қалқа Анарбекова

Астана қаласы

 

Тереземдi қағып тұр

 

Жалығамыз...

Жүректің әмірімен сарыламыз.

Қара күздің еріксіз бұйрығын ап,

Тұншықтырар мұң моншақ тағынамыз.

 

Сағынамыз...

Күз нөсері күрсіндірсе бағынамыз.

Аспанның көз жасына ерік беріп,

Сарғайған жапырақтан табыламыз.

 

Жабығамыз...

Жерден іздеп көктегіні ағыламыз.

Жанымдағы шер-мұңым жазылмай-ақ,

Тереземді қағып тұр тағы да күз.

 

 

Дана Русланқызы

Алматы қаласы

 

Тағдырына налығандай кәрі қыз,                     

Таң атқанша сыңсып шықты сары күз.                 

Алаяқ жел арын төккен талды аяп,                        

 Күзбен бірге мұңға баттық бәріміз.                                                                                                             

 

Дауыл шайқап өсіп-өнген тұғырды,                    

 Сағы сынып бұтақ жерге жығылды.               

  Жанұшырып желден қашқан жапырақ,                       

Аяғымның астына кеп тығылды.

 

Ахметжан Өзбеков

 

Сұрғылт күз

 

Бұлтты қуып, борбайлатып,

тақымдайды қара дауыл.

Жабағысын сүйрей қашты,

Кәрі бура қара жауын.

 

Алай-түлей сұр аспанды

Найзағай тұр осып, билеп,

Қаймал інген бұзылғандай

іңір еніп тосын күйге.

 

Күз мұрындық мұршаны алып,

Жетелейді қараша әмір.

Қыс келді деп қыр астына

жер-дүние асыр-сабыр.

 

Жапырақсыз шодырайған,

емен-буын сықырайды.

Таудан тулап аққан бұлақ,

толқындарын жұлқымайды.

 

Қара жер де қабақ баққан,

күн ызғары сезіледі.

Мойын біткен жаға ішінде

еңсе болып езіледі.

 

Сыбызғылап ызғарлы күз,

Жаз сырнайы ығысқалы.

Шық буланып ұшпақ еді,

қырау болып тынышталды.

 

 Қалампыр Кенжеғалиева

 

 

Күз бен Мұң

 

Күзгі күн...

Түнеріп тұрды аспан,

Күн көзін тұмшалап бұлт басқан,

Салқындық сезіліп қалада,

Ғашықтар азайды жұптасқан.

 

Жек көрем күздің мен күндерін,

Себебін тіпті, өзім білмеген,

Бір мұң кеп ұялап жанарға

Ілесіп кетеді күзбенен.

 

Күзгі күн...

Күзгі мұң...

Күзгі өлең,

Танысқам сізбен де күзде мен.

Бақытым екен деп мен сізді,

Жабырқап сан мəрте іздегем.

 

Күз деген сағыныш мекені,

Сағынтпай келсеңіз нетеді,

Ай бірақ, тағы күз келгенмен,

Ол дағы зымырап өтеді.

 

Мендегі сағыныш қалады,

Ол дағы ғашықтық талабы...

Карл Сымбат

Алматы қаласы

 

Дайындаған: Ақтолқын ТАЖИКОВА