Нұрғали НҮСІПЖАНОВ: Қазақ өнерінің шапанын арқалап жүр...


Нұрғали НҮСІПЖАНОВ: Қазақ өнерінің шапанын арқалап жүрген жастарымызға қамқорлық қажет...

  Қазақстан Республикасының халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың, Қазақстан жастар Одағы сыйлыгыңың, Қырғыздың Абылас Молдабаев атындағы халықаралық сыйлықтарының лауреаты, Өзбекстан республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Жамбыл атындағы Мемлекеттік филармониясының жеке әншісі, қазақ халқының мақтанышы, қоңыр дауыс иесі – Нұрғали Нүсіпжанов ағамызбен сұхбаттасудың сәті түсті.

 

 –   Сәлеметсіз бе? Сырқаттанып қалды дегенді естіп едік, денсаулығыңыз қалай, Нұрғали аға?

 –   Сәлеметсіңдер ме! Қазіргі жағдайым жақсы. Шүкіршілік, жүріп жатырмын.

 

 –   Көпшілік қауымнан Астанада жеке концерттік кешін өткізеді дегенді естідік.  Жоспарыңызбен бөліссеңіз?

  – Иә, үлкен ән топтары, түрлі аспаптық оркестрларды біріктіріп, жеке кешімді өткізбек ойым бар. Уақытын осы жылдың күз мезгіліне белгіледік. Құдай қаласа деп қазіргі уақытта жеке репертуарларымды тиянақтау үстіндемін. Ем қабылдап болып, сахнаға шыққаныма небәрі екі аптадан асты. Барлығы – болашақтың еншісінде.

 

  – Алла денсаулығыңызға қуат берсін! Шығармашылығық тізіміңізге енген жаңа  әндеріңіз, жаңалықтарыңыз жайлы айтсаңыз?

 –   Жеке шығармашылығымда жаңалығым баршылық. Өңдейтінін өңдеп, дайындап, енді кірісіп істейміз деген дүниелерім  бар. Менің бір күрделілеу жерім– табиғи коллективтермен жұмыс жасаймын. Оның күнделікті дайындығы көп. Барлығын ән мен ұжымға бейімдеп жасау қажет. Ол ұжымдардың әр қайсысы – түрлі мекемелерге қарайды. Ортада кілтипан тумас үшін барлығын ақылдасып, арнайы түрде жоспармен жасау қажет.

 

 –   Бүгінгі кеште қандай ән орындадыңыз?

 –   Кештің шымылдығын «Өз елім» әнімен ашып бердім.  «Өз елім» әні – «Жеті нота» кешінің атауына да, бүгінгі мерекеге де сай келіп тұр. Бүгінгі кешке негізінен жастар ғой көптеп қатысып жатқан. Соларға жолы үлкен ағасы ретінде шығармашылық табыстар тілеймін. Қадамдарына нұр жаусын!

 

 –    Сахнада қатар жүрген бүгінгі жас әншілерге көңіліңіз толады ма?

 –   Оған екі ұшты назар  аудару қажет. Мен қанша сыншы болғаныммен, өзімнің шын  пейілімді, ұстаздық көңілімді жастар жағына келгенде ысырып тастаған емеспін. Себебі, қазақ өнеріне мықтылардың бәрі аспаннан салбырап түспеген. Қазақтың өнерінің шапанын арқалап жүрген жастарымызға да  қамқорлық қажет. Өнердің қиындығы мен қызығын өз беттерінше көріп, меңгерулері керек. «Мынаны былай істкемедің, дұрыс емес..!» деп беттерін қайтарып тастауға әсте болмайды.

 

  – Жастарға деген ерекше мейіріміңізге қарағанда өз балалығыңызды қатты сағынатын сияқтысыз. Мектеп қабырғасында қандай оқушы болдыңыз?

  – Кішкентайымнан зерек болдым деп ойлаймын. Мектептің бірінші мен екінші сыныптарын бір ғана жылда оқып бітірдім. Мұғалімдерім өзара келісіп, «бұл – жақсы оқитын бала» деп сондай әрекетке барса керек. Сол кезде «Комсомолдық жолдама» деген болатын. Сол жолдамамен мектептің  10 – сыныбын бітіргесін ауылымда қалып,  екі жыл қой бақтым. Сол заманда консерваторияға түсу үшін талапкерлер бір-екі жыл еңбекке, қоғамдық жұмыстарға араласып барып оқуға түсетін. Менің де көздегенім – сол еді...    

  Ойласам, арманшыл, қиялшыл болғанның пайдасы – көп. Кейде сол ойлағандарың  іске асып жатады. Адамға армандары ұмтылыс береді. Мені де сол кішкентай армандарым – биіктерге жетеледі.

 

  –   Әншіліктің тізгінді ұстаған сәтіңізден сыр шертіңізші...

  –   Ән айтуды мектеп кезінен бастадым. Ол кезде қазіргідей шым – шытырық әндер дегенің жоқ. Мұғалімдеріміз қазақтың халық әндерін  орындатып, өзара бізді жарыстыратын. Түрлі мерекелік шаралар болғанда ата-аналармызға концерт ұйымдастыратынбыз. Көптеген  сазгерлеріміздің әндерін жатқа айтып жүрдік. Сол әнге деген бала кезгі ғашықтық менің танымал әнші болуыма тікелей әсерін тигізді деп ойлаймын. Оныншы сыныпты аяқтағанда кезімде ауданаралық түрлі ән байқауларына қатыса бастадым. Осыдан кейін менің сахнадағы  өмірім де басталып кетті.

 

 –   Батамен – ел көгереді. Нұрғали аға, сұхбатымыздың түйіні ретінде сізден бата сұрасақ...

    Егемендігіміздің қорғаны – жастар. Балаларым қияметті, жоқшылықты, соғыстың дәмін татпасын! Отанының отымен кіріп,  күлімен шықсын! Бақ жұлдыздары мәңгілік жарық болсын! Әмин!

 

Сұхбаттасқан: Ақтолқын ТАЖИКОВА,

Дастан ҚАСТАЙ

Алматы қаласы

Республика сарайы

«Жеті-нота» ән-жыр кеші



© ELER MUSIC / 2017
Барлық құқықтар қорғалған.
E-mail: admin@eler.kz
Тел.:
uCozЯндекс.Метрика


Яндекс.Метрика