Күй – көненің күмбірі


Күй – көненің күмбірі

   29 қарашада "Ғылым ордасының" ұйымдастыруымен, П.Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжінің қолдауымен Президент стипендиясының иегері, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты Саят Ақбасовтың «Күй – көненің күмбірі» атты шығармашылық кеші өтеді. ҚР Тұңғыш Президенті күні қарсаңында жүзеге асатын шара Тәуелсіздіктің 25 жылдығы мен Алматы қаласының 1000 жылдық мерекесіне орайластырылып отыр. 

   Күйші-зерттеуші Саят Ақбасов – Алматы облысы, Кер­бұ­лақ ауданы, Қарашоқы ауылында дүниеге келген. Орындаушылық өнерге мектеп қабырғасында ұс­­­­т­азы Кенжебай Иматаев тәрбиелесе, П.Чай­ковский атындағы Алматы му­зыкалық колледжінде талантты музыкант, дарынды дирижер, Мә­де­ниет қайраткерi Шынарбек Асқарұлынан төрт жыл дәріс ал­ған. Аталмыш оқу орнының қабыр­ға­сын­да білім ала жүріп, студент кезінде-ақ бірталай жетістікке қол жет­кізгенін айта кетейік. Рес­пуб­ли­калық, халықаралық конкурс­тарға қатысып, екі рет Президент сти­пендиясын иеленген. Бұл ма­ра­п­атты сол уақыттағы Мемлекеттік хат­шы Әбіш Кекілбаев өз қолымен та­быстап, Мә­де­ниет министрі Қырымбек Көшер­ба­евтың арнайы құттықтау хат жол­дағаны көп жайды аңғартса керек. Осы көрсеткіштердің нәтижесінде жас домбырашы Құрманғазы атындағы ұлт­тық консерваторияға шертпе күй­дің шебері Біләл Ысқақовтың сыныбына емтихансыз қабыл­дан­ады. Әр жылдары Өзбекстан, Түр­кия, Франция мемлекеттерінде ұлттық мұрамызды насихаттауға үлес қосып, 2003 жылы Санкт-Петербургте Жам­был Жабаевтың туғанына 150 жыл толуына орай бой көтерген ес­керт­кіштің ашылу рәсімінде табысты өнер көрсетіп қайтты.
  Еңбек жолын П.Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжінің халық аспаптары бөлімінде және Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «Дәстүрлі музыкалық өнер» кафедрасында жалғастырды. 2010-2014 жылдары П.Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжінде директордың тәрбие және шығармашылық жөніндегі орынбасары қызметін атқарса, қазіргі таңда осы оқу мекемесінде халық аспаптары бөлімінің меңгерушісі. Сонымен қатар, Т.Жүр­генов атын­дағыҚазақ Ұлттық өнер ака­де­миясы Театр өнері факультеті «Актер шеберлігі және режиссура» кафедрасының аға оқытушысы. Репертуары Батыс, Арқа, Жетісу, Қаратау, Маңғыстау, Сыр бойы, Алтай-Тарбағатай аймағының күйшілік дәстүріндегі си­рек орындалып жүрген туындыларды жарыққа шығарумен ерекшеленеді. Сондай-ақ Жетісу күй­шілік мектебінің белді өкілі Қожеке Назар­ұлы­ мен Темірбектің төкпелерін ке­ң насихаттап жүрген домбырашы.
   Жары Валентина Елеусінова да өнерден құр алақан емес. 1997-2001 жылы Оңтүстік Қазақстан музыкалық колледжінде білім алған. 2005 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық конвсерваториясын КСРО халық артисі Роза Жаманованың қолынан бітірді. Халықаралық және республикалық байқаулардың жеңімпазы. Көп балалы ана П.Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжінінде академиялық вокал өнерінен дәріс береді. Шәкірттерінің алды беделді байқауларда топ жарып үлгерді. Өнерде де, өмірде де қол ұстасып бірге келе жатқан жарасымды жанұя үш ұл, екі қыз тәрбиелеп отыр.
   Аталмыш кеш көп балалы отбасының шығармашылық ізденістері мен жетістіктерінің жемісі десек аса қателесе қоймаймыз.
   Бағдарлама барысында халық күйлері мен халық композиторларының шығармалары, қазіргі заман шығармалары орындалады. Сондай-ақ Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ақан Әбдуәлі, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты Валентина Елеусінова, Мәдениет қайраткері Зәмзагүл Ізмұратова жетекшілік ететін "Шалқыма" фольклорлық ансамблі және халықаралық, республикалық байқауларда топ жарып жүрген жас таланттар Бекболат Әбдіберікұлы, Айбек Әрімбек, Әлихан Пайыз, Есімхан Төлембай өнер көрсетеді. Концерттің жүргізушісі актер Қуаныш Сабырқожа.

 

 

ELER – Ақпарат

 

 



© ELER MUSIC / 2017
Барлық құқықтар қорғалған.
E-mail: admin@eler.kz
Тел.:
uCozЯндекс.Метрика


Яндекс.Метрика